ЖАҢАЛЫҚТАР
Швейцария басылымы Путиннің 2015 және 2019 жылдары туған "екі ұлы" туралы жазды

Швейцарияның SonntagsZeitung басылымы жексенбі күні Ресей президенті Владимир Путиннің 2015 және 2019 жылдары туған екі ұлы барын, біреуі Швейцарияда екенін жазды.
Басылымның жазуынша, екі ұлдың анасы Олимпиада чемпионы Алина Кабаева. Бұған дейін Батыс ақпарат құралдары оның Путинмен жақын қарым-қатынаста екенін жиі жазған. Швейцария басылымы Кабаеваны екі ретте де босандырған дәрігер сөзіне сүйеніп жазған. Басылым дәрігердің өтінішімен аты-жөнін атамаған.
Газетке сұхбат берген дәрігердің өзі Ресейде туған. Жас кезінде Путинмен таныс болған, бірақ кейін Швейцарияға көшіп кеткен. Дереккөздің айтуынша, 2015 жылы баланың туғанын құпия сақтау үшін Швейцарияның Лугано қаласы таңдалған. Бірақ сонда да Кабаеваның ұл туғанын сол кезде бірқатар ақпарат құралдары жазған. Сол кезде баланың әкесі Путин болуы мүмкін екені жайлы болжамдар тараған. Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сол кезде ақпаратты терістеген.
Ақпаратқа қарағанда, Алина Кабаева төрт жылдан кейін тағы босанған. Құпия дереккөздің айтуынша, бұл жолы "президенттің шешімімен" Мәскеуде босанған. Кабаева екі жағдайда да аяғы ауыр кезде бірнеше рет Луганоға келген, бірақ жанында Путин болмаған. Жуырда Wall Street Journal басылымы Кабаеваның ұзақ уақыттан бері Швейцариядағы зәулім сарайда тұрып жатқанын жазған.
Швейцария басылымы Кабаева немесе Путиннің өкілдерінен түсініктеме ала алмады.
Осы аптада The Wall Street Journal басылымы құпия дереккөзге сүйене отырып, АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жуырда Кабаеваға қарсы санкция салудан бас тартқанын жазды. Америкалық шенеуніктер егер Кабаеваға санкция салынса, Путинді ашуландырып алуымыз мүмкін және Ресеймен қарым-қатынас онан сайын ушығып кетуі мүмкін деп қауіптенген.
- АҚШ бұған дейін Путиннің екі қызы Катерина Тихонова мен Мария Воронцоваға санкция салған. Ресей президентінің екі қызы ғылым саласындағы мемлекеттік және жартылай мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді. Bloomberg сайты Путиннің қыздарына санкция қатты әсер етпеуі мүмкін, себебі олардың шетелде активтері бар-жоғы белгісіз деп жазған.
- Кремль Путиннің балаларына қатысты ештеңе айтпаған. Путиннің қызы болуы мүмкін 18 жастағы Елизавета Кривоногихтің шешесі Светлана Кривоногих те санкцияға ілінгендер тізімінде жоқ.
Басқа да жаңалықтар
Германияда жолаушы пойызы апатынан бірнеше адам қаза болды

Германияның оңтүстік-батысында 27 шілде, жексенбі күні кешке болған теміржол апатынан бірнеше адам қаза тауып, тағы бірнеше кісі жараланған. Бұл туралы осы елдің ақпарат құралдары – Bild басылымы мен dpa агенттігі хабарлады.
Schwäbische Zeitung газетінің мәліметінше, темір жолда болған апат салдарынан кемінде үш адам көз жұмып, 50-ден астам адам жараланған.
Хабарларға қарағанда, төтенше оқиға Баден-Вюртемберг федералды өңірінде, орманды және қыратты аймақта орналасқан Ридлинген қаласы маңында болған. Жолаушы пойызы Зигмарингеннен Ульм қаласына кетіп бара жатқан. Штутгарт қаласы федералды полициясының мәліметінше, Deutsche Bahn компаниясына тиесілі аймақтық экспресс пойызының екі вагоны рельстен шығып кеткен. Пойызда шамамен 100 қаралы жолаушы болған.
Интернетте тараған фото және видео материалдардан апат болған жерде құтқарушылар жұмыс істеп жатқаны байқалады. Түн мезгілінде жергілікті құтқару қызметінің басшысы Шарлотта Циллер баспасөз өкілдеріне пойыз апаты болған жердегі құтқару жұмыстары аяқталғанын айтты деп хабарлады ВВС.
Пойыз апатқа ұшырағанға дейін ол жерде қатты дауыл тұрған. Соның салдарынан рельс табанындағы үйілген топырақ қопарылып, пойыздың темір жолдан шығып кетуіне себеп болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр. Әзірге апаттың себебі жайлы ресми ақпарат жоқ.
Мәскеуден Пхеньянға тікелей әуе рейсімен ұшақ бірінші рет ұшты

Жексенбі, 27 шілде күні Мәскеудің Шереметьево әуежайынан Солтүстік Корея астанасы Пхеньянға алғашқы тікелей әуе рейсімен ресейлік Nordwind авиакомпаниясына тиесілі Boeing-777 ұшағы сапарға шықты, деп хабарлады ТАСС агенттігі. Ұшақ 29 шілде күні Ресейге оралады деп жоспарланған.
Ресейдің Азаматтық авиация агенттігі (Росавиация) шілде айының басында Nordwind компаниясына Солтүстік Кореяға ұшуға рұқсат берген. Мәліметке сәйкес, "тұрақты сұраныс қалыптастыру мен рейстердің толық жүктелуін қамтамасыз ету мақсатында" Мәскеу мен Пхеньян арасына айына бір рет ұшақ қатынасы болады.
Пхеньян мен Владивосток арасында да тікелей рейстер бар, бірақ ол екі араға Солтүстік Кореяның Air Koryo әуе компаниясы ұшағы ұшады. Оған билет Солтүстік Кореяға экскурсиялық саяхат аясында ғана сатылады.
27 шілде – 1953 жылы Солтүстік және Оңтүстік Корея арасындағы үш жылға созылған соғысты тоқтату туралы бітім күшіне енген күні. Солтүстік Корея бұл күнді "Жеңіс күні" ретінде атап өтті. Ел басшысы Ким Чен Ын мерекелік шараларға қатысып, сөзінде Ресейге де тоқталды. Ол Ресей "антиимпериалистік күреске" қатысып жатыр деп мәлімдеді. Солтүстік Корея сарбаздары Курск облысында Ресей әскері құрамында Украина қарулы күштеріне қарсы соғысқа қатысқан.
Былтыр Ресей мен Солтүстік Корея 2020 жылы пандемияға байланысты тоқтатылған жолаушы пойызы қатынасын қайта жандандырған.
2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Еуроодақ елдері, АҚШ және басқа да бірнеше мемлекет Ресейге қарсы салған санкциялар аясында тікелей әуе қатынасын тоқтатты. Қазір Еуропаға тек үшінші елдер – көбіне Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері немесе Әзербайжан арқылы ғана жетуге болады.
Солтүстік Корея Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығын ашық түрде қолдады және Ресеймен стратегиялық әріптестік (іс жүзінде – әскери одақ) туралы келісім жасасты.
АҚШ мемлекеттік хатшысы: Ресейдің қылығы Трамптың "төзімін тауысып барады"

Ресейдің Украинамен соғыстағы іс-әрекеті АҚШ президенті Дональд Трамптың "төзімін тауысатын болды" және оның Мәскеу соғысты тоқтатуға бағытталған қадам жасайды деп "күтуді жалғастыруға ниеті де солып барады". Fox News телеарнасына берген сұхбатында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио осылай деп мәлімдеді.
Рубио Трамптың Ресей президенті Владимир Путинмен телефон әңгімелері жағымды болғанына қарамастан, ешқандай нәтиже бермегенін айтты. Мемлекеттік хатшыға дейін мұндай сөзді Трамптың өзі де бірнеше рет айтқан. Рубионың сөзінше, Ресей тек уақыт созып отыр.
"Ол (Трамп) өзін тұзаққа түсіруге жол бермейді. Ол әңгіме жайлы бітпейтін әңгіме жалғастыруға ниетті емес", – деді Рубио. Ол бұл соғыстың басталуына Трамптың қатысы жоғын, бірақ соғысты аяқтағысы келетінін тағы да қайталады.
14 шілдеде Трамп Ресей мен Путиннің жеке өзін бейбітшілік келісімін жасауға көнбей отыр деп қатты сынға алған. Ол Ресейге Украинамен бейбіт келісімге келуге 50 күн уақыт беретінін мәлімдеген. 3 қыркүйекте аяқталатын осы мерзім өткеннен кейін, Трамптың айтуынша, ол Ресейге және одан энергия тасымалдайтын елдерге қарсы, ең алдымен жоғары кеден бажын енгізбек. Мысалы, Ресейден мұнай сатып алып отырған Қытайдың қолдауынсыз Путин "бұл соғысты ұзаққа соза алмас еді", деді Fox News телеарнасына сұхбатында Рубио.
Бұған қоса Трамп АҚШ одақтастарына Украинаға қажет қару-жарақ сатуға дайын екенін мәлімдеген еді. Германияны қоса алғанда, бірқатар ел бұл схемаға қатысуға дайын екенін білдірді.
Трамптың мәлімдемелеріне байсалды түрде жауап берген Мәскеудің ресми ұстанымы содан кейін өзгерген жоқ. Ресей өкілдері бейбітшілікті қолдайтынын, бірақ ол үшін белгілі бір шарттар орындалуы тиіс екенін айтты, ал Киев Мәскеудің қойып отырған шарты соғыста тізе бүгуге тең деп есептейді. Нақтырақ айтқанда, әңгіме Украина өз аумағының бір бөлігінен бас тартсын дегенге саяды.
Трамп: АҚШ пен Еуроодақ сауда мәселелері бойынша "келісімге" келді

АҚШ пен Еуропа одағы сауда саласында ең ірі келісім жасасты. Бұл жайлы АҚШ президенті Дональд Трамп жексенбі, 27 шілде күні Ұлыбританияның солтүстігіндегі Шотландияда, Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйенмен келіссөз өткізгеннен мәлімдеді.
Трамптың сөзінше, АҚШ Еуроодақтан баратын тауарларға кеден бажын бұған дейін айтылғандай 30% емес, 15% мөлшерінде белгілемек. Сондай-ақ, ол Еуроодақ АҚШ-тан 750 миллиард долларға энергетика ресурстарын сатып алуға, АҚШ экономикасына қосымша 600 миллиард доллар инвестиция құюға және АҚШ-тан қару-жарақ сатып алуға келіскенін мәлімдеді.
Фон дер Ляйен келісім жасалғанын растады. Оның айтуынша, алдағы апталарда бұл келісімнің егжей-тегжейі нақтыланатын болады. 15 пайыздық тариф АҚШ-қа Еуроодақтан енгізілетін тауарлардың басым бөлігіне қолданылмақ, бірақ агроөнеркәсіп өнімі сияқты кейбір тауарлар бойынша өзара кеден бажы нөлдік деңгейде болады, деді ол.
Еурокомиссия басшысы Еуроодақ АҚШ-тан сұйылтылған табиғи газды көбірек сатып алуға ниетті екенін де растады. Бұл Ресейден сұйылтылған газ сатып алуды азайтуға мүмкіндік бермек. Жалпы алғанда, фон дер Ляйеннің айтуынша, бұл келісімдер тұрақтылық пен болжамды болуын қамтамасыз етуді көздейді.
Бұған дейін АҚШ Жапониямен де осындай келісімге келіп, тариф мөлшерін 30%-дан 15%-ға дейін төмендеткен. Алайда, бастапқыда Еуроодақ өзара баж салығын нөлдік деңгейде белгілеуге үміт артқан еді, деп хабарлады Reuters.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп сауда келісімдерін жасасудың мерзімі 1 тамызда аяқталады деп белгілеген. Содан кейін Вашингтонмен келісімге келмеген елдер мен бірлестіктерге жоғары импорт тарифтері енгізілмек. Бұл талап Еуроодаққа да қатысты.
Трамп пен фон дер Ляйеннің кездесуі Шотландияның оңтүстік-батысында орналасқан, Трампқа тиесілі Тёрнберри гольф-клубында өтті. Кездесуге дейін АҚШ президенті де, Еурокомиссия жетекшісі де журналистерге келісімге қол жеткіземіз деп үміттенетінін мәлімдеді. Алайда Трамп бұған дейін келісімге келу ықтималдығын "50 де 50" деп бағалаған. Фон дер Ляйен де сондай баға беріп, егер келісім жасалса, бұл Еуропа одағы мен АҚШ арасында бұрын-соңды жасалған "ең маңызды келісім" болады деп айтқан.
Шотландиядағы келіссөзге қатысуға Еурокомиссияның сауда мәселелері жөніндегі өкілі Марош Шефчович, АҚШ сауда министрі Ховард Лютник және сауда өкілі Джеймисон Грир де барды. Еуропа "келісім жасағысы келеді", бірақ егер Еуроодақ өкілдері АҚШ президенті 1 тамыздан бастап 30% тариф енгізу жоспарынан бас тартсын десе, оған тиімді шарттар ұсынуы тиіс, деді Лютник. Бұл жерде АҚШ тауарларын Еуропа нарығына жеңілдетілген жолмен жеткізу мүмкіндігі жайлы сөз болып отыр. Трамп бұл мәселеде "әділеттік" қажет екенін, әсіресе АҚШ-тың автокөліктері мен ауылшаруашылық өнімдерін еуропалық нарыққа жеткізуде қиындықтар барын айтқан. Алайда, ол қалай болғанда да Еуроодақ үшін тариф мөлшерін 15%-дан төмендетпейтінін мәлімдеген.
Бұған дейін Еуроодақ АҚШ-тың баж салығына қарымта шаралар дайындаған. Алайда Трамп әкімшілігі әлем елдерімен сауда туралы келіссөздер өткізу үшін жоғары тариф енгізу жайлы шешімін сәуірде уақытша тоқтатқан соң Еуроодақ та ол шараларды тежеген. Қазірге дейін АҚШ аздаған елдермен ғана сауда келісімін жасай алды. Көптеген елге қатысты жоғары тарифтер жайлы АҚШ-тың шешімі 1 тамыздан бастап күшіне енуі мүмкін.
Алматы облысында жоғалған әскери тікұшақтың экипаж мүшелерінің туыстары көмек сұрады

25 шілдеде Алматы облысында жоғалып кеткен EC-145 әскери ұшағы экипажы мүшелерінің туыстары президент, төтенше жағдай және қорғаныс министрлеріне қайырылып, іздеу операциясын жеке бақылауларына алуды сұрады. Бұл жөнінде Syrmedia сайты хабарлап, туыстарының бірінің видеосын жариялады.
“Жағдайға назар аударуыңызды сұраймыз. Экипаждың үш мүшелерін туыстары күтіп отыр. Оларды тезірек құтқарады деп үміттенеміз” дейді видеода туыстарының бірі.
Олардың сөзінше, бірінші күн Отар ауданында іздеу жұмыстары жүргізіліп, “бостан-босқа уақыт” жұмсалған. Нағыз іздеу бір күннен кейін ғана – Сорбұлақ қоймасы маңында басталған.
“Бәлкім, олар жарақаттанып, әлі күнге дейін көмекті күтіп жатқан болар. Қазір біз достары, туыстары мен еріктілер өз күшімізбен іздеп жатырмыз. Іздеу жұмысын күшейтіп, түнде техниканы қосуды сұраймыз. Әрбір минут қымбат” дейді видеода.
Syrmedia.kz экипаж мүшелерінің де аты-жөнін атаған: Амангелді Аман, Ержігітов Бақтияр және Уйсенбаев Нұржігіт.
EC-145 тікұшағы 25 шілдеде радардан жоғалған.
Ақпаратқа қарағанда, тікұшақ Луговойдан ұшып шығып, Отар аумағында онымен байланыс үзілген. Тікұшақ бортында экипаждың үш мүшесі бар. Бұған дейін төтенше жағдай министрлігі әскери тікұшақтың бөлшектері Сорбұлақтан табылғанын хабарлаған.
Сорбұлақ – Алматының солтүстік-батысында орналасқан тазартылған құбыр суын жинайтын қойма. Ол әкімшілік аумақ жағынан Алматы облысы Іле ауданына қарайды.
Ресей Украинаның үш облысын атқылады. Екі адам қаза болды

Ресей әскері 27 шілдеге қараған түні Украинаның Константиновка және Мирноград қалаларын атқылап, соның салдарынан Донецк облысының екі тұрғыны қаза болды. Қырым және Светлое ауылдарында үш адам жараланды.
Херсон облысында өткен тәулікте 8 адам жараланды, арасында бір бала бар. 55 жастағы ер адам жексенбі күні таңертең жараланған, оған дроннан жарылғыш зат құлаған.
Днепропетровск облысында Ресей әскері екі ауданды артиллериямен атқылап, дронмен шабуыл жасады. Днепропетровск облыстық әскери әкімшіліктің дерегінше, төрт адам зардап шеккен: 47 және 60 жастағы екі ер адам және 40 және 58 жастағы екі әйел адам.
Өткен түні Украинаға барлығы 83 дрон шабуыл жасаған, 78-і атып түсірілген.
Израиль БҰҰ көмегін Газаға жеткізетін дәліз ашатынын мәлімдеді

Израиль БҰҰ-ның гуманитарлық көмегін Газаға жеткізетін дәліз ашатынын мәлімдеді. Ізінше аумаққа азық-түлік пен азық-түлік контейнерлерін парашютпенен жеткізу қайта жанданғаны белгілі болды.
Израиль әскері өз мәлімдемесінде «Газада ашаршылық қасақана жасалып жатыр деген жалған ақпаратты жоққа шығару үшін азық-түлік пен дәрі-дәрмек тасымалдайтын БҰҰ жүк көліктерінің қауіпсіз өтуіне мүмкіндік беретін гуманитарлық дәліз құрылатыны» жазылған.
ЦАХАЛ өкіліне сүйенген Reuters агенттігі Газаға азық-түлік әуеден жеткізіле бастағанын хабарлады. Агенттіктің палестиналық ақпарат көздері де контейнерлер аумақтың солтүстігіне келгенін растады.
Дегенмен гуманитарлық ұйымдар көмек жеткізудің бұл әдісі өте тиімсіз екенін айтады.
Жүзден астам ұйым осы аптада Газада ашаршылық басталғанын хабарлаған. ЦАХАЛ мұны жоққа шығарып, оны «ХАМАС-тың жалған ақпарат тарату науқаны» деп атаған.
Израиль наурыз айында Газаға гуманитарлық көмек жеткізуді тоқтатқан болатын. Мамыр айында көмек қайта басталды, бірақ бірқатар шектеу енгізілді. Көмек тарату АҚШ пен Израиль қолдайтын гуманитарлық қорға жүктелген. Көмек тарату орындары мен орталықтары атқыланып, нәтижесінде жүздеген палестиналық қаза болған.
Украина бас барлау басқармасы: Армавир аэродромында ресейлік Су-27УБ жойғыш ұшағы өртенді

Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасы 26 шілдеге қараған түні Ресейдің Краснодар өлкесінде Армавир аэродромында Ресей әуе-ғарыш күштеріне тиесілі Су-27УБ әскери жойғыш ұшағы жойылғанын мәлімдеді.
Украина арнайы қызметі жариялаған видеода қараңғыда ұшақ жанып жатқаны көрінеді.
Оның қандай жағдайда өртенгені хабарланбады, алайда Украина бас барлау басқармасының хабарламасында "Ресей аумағының өз ішінде Кремль режиміне қарсылық өршіп жатыр" деп жазылған. Хабарламада сонымен бірге Армавир аэродромы Краснодар жоғары авиация ұшқыштар училищесінің курсанттарын оқыту үшін қолданылатыны жазылған.
Ресей қорғаныс министрлігі мен Краснодар өлкесінің билігі аэродромдағы өрт немесе ұшақ жойылғанын хабарламады. Ресейлік әскери блогерлер Армавир аэродромында ұшақ өртенгенін растады. Дереккөзді айтпаған кейбірі ұшақты "украин арнайы қызметі тартқан әйел" өртеген, әйелдің өзі ұсталды, ал ұшақ сәл бүлінген деп жазды. Бұл ақпаратты әзірге растайтын дереккөз табылмады.
Армавирдегі пабликтер де Украина бас барлау басқармасының қалада түске дейін мобильді байланыс болмады деген ақпаратын растады.
Украинада соғыс жалғасып жатқан кезде Ресейде авиатехниканы өртеу немесе өртеу талпыныстары бірнеше рет тіркелген. Әдетте мұны Ресей азаматтары ақшаға жасайды. Шілде басында Украина арнайы қызметі Ресей аумағында "Өрмек" операциясын жүзеге асырған, соның барысында Ресейдің әскери аэродромдарына жүк көліктерінде болған дрондар шабуылдаған. Украина арнайы қызметінің тұжырымдауынша, шамамен 40 ұшақ жойылған немесе бүлінген.
Иранда сот ғимаратына шабуылдан алты адам қаза болды

Иранның Систан және Белуджистан провинциясының орталығы Захедан қаласында сот ғимаратына шабуыл салдарынан алты адам қаза болды, 13 адам зардап шеккен. Билік оқиғаны террористік әрекет деп атады. Иран мемлекеттік ақпарат құралдарының мәліметінше, шабуылдаушылардың үшеуі жауап оқтан мерт болған.
Reuters-тің жазуынша, шабуылды Telegram-арнасында мәлімдеме таратқан сунниттік Жаиш әл-Әділ ("әділет әскері") тобы мойнына алды. Куәгерлерге сүйенген HAALVSH құқық қорғау тобының мәліметінше, шабуылдаушылар судьялардың кабинетіне басып кіріп, нәтижесінде сот орган қызметкерлері мен күштік құрылым өкілдері өлтірілген немесе жарақаттанған. Қаза болғандар арасында бір әйел мен оның баласы да бар.
Пәкістан мен Ауғанстанға жақын Иранның оңтүстік-шығысында орналасқан Систан және Белуджистан провинциясында негізінен ұзақ жылдар бойы экономикалық дискриминация мен саяси оқшаулауға шағымданып келе жатқан сунниттік белудждер тұрады. Аймақта Иран күштері мен түрлі қарулы топтар арасында (автономия мен құқықты көбейтуді талап еткен сепаратистер мен сунниттік лаңкестер де бар) қақтығыс жиі болып тұрады. Иран билігі кейбір топты "шетелдіктермен байланыс орнатты", "трансшекаралық контрабанда мен бүлікке қатысы бар" деп айыптайды.
Таиланд пен Камбоджа шекарасында қақтығыс жалғасып жатыр

Таиланд пен Камбоджа шекарасында үш күннен бері қақтығыс жалғасып жатыр. Шекарадағы оқиға кейінгі жылдардағы ең қанды қақтығыстардың біріне айналды: қаза болғандар 33 адамға жетті, ондаған мың адам баспаналарынан кетуге мәжбүр болған.
Жанжал 24 шілдеде басталған, содан бері жағдай ушығып келеді. Қақтығысқа әскери ұшақтар, артиллерия, танкілер мен жаяу әскер қатысып жатыр. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, жұма күні жедел отырыс өткізді.
Камбоджа қорғаныс министрлігінің дерегінше, үш күн ішінде 13 адам қаза болған, сегізі – бейбіт тұрғын, бесеуі – әскери қызметкер. 71 адам жарақаттанған. Таиланд әскері жұма күні бес сарбаз қаза болғанын хабарлады. Осылайша қаза болған таилықтар 20 адамға жетті: 14-і – бейбіт тұрғын, алтауы – әскери қызметкер. 2008-2011 жылғы шекарадағы жанжалдан 28 адам опат болған.
26 шілдеде Камбоджа Таиландты Пурсат провинциясы аумағын атқылады деп айыптады. Атқыланған аудан негізгі майдан сызығынан шамамен 250 шақырым жерде жатыр. Камбоджа шекарасындағы Самраонг қаласында жүрген AFP тілшілері сенбі күні күндіз артиллерия дыбысын естігенін хабарлады. Шекарадан шамамен он шақырым жерде орналасқан Таиландтың Сисакет провинциясының жергілікті тұрғындары да атысты естігенін айтты.
Алдын ала мәлімет бойынша, Таиландтың қақтығысқа жақын орналасқан аудандарынан 138 мың адам эвакуацияланған. Камбоджада 35 мыңнан астам адам үйлерінен кеткен.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысынан кейін Камбоджаның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Чхеа Кео Пномпень атысты дереу және ешқандай шартсыз тоқтатып, қақтығысты бейбіт түрде шешуді ұсынады деді. Алайда Таиланд сыртқы істер министрі Марис Сангьямпонгса келіссөз бастау үшін Камбоджа «қақтығысты бітіруге шынайы талпынысын» көрсетуі керек деді. Ол Пномпенді «Таиландтың егемендігін бұзуды тоқтатып», екіжақты диалогқа оралуға шақырды.
Тараптар сонымен бірге бір-бірін әскери қимылды бастады деп те айыптады. Таиландтың айтуынша, Камбоджа әскері мақсатты түрде азаматтық нысандарға шабуылдаған. Ал Камбоджа өз кезегінде Таиландты тыйым салынған кассеталық оқ-дәріні пайдаланды деп кінәлады.
Бақылаушылардың айтуынша, қақтығыс аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіруі ықтимал. Екі ел де миллиондаған турист баратын танымал бағыттардың бірі. Таиланд – қазақстандықтар жиі саяхаттайтын әрі визасыз бара алатын елдің бірі. Сыртқы істер министрлігі хабарлауынша, кикілжің аймағында қазақстандық турист жоқ.
Таиланд-Камбоджа арасындағы кикілжің басталғалы бір ғасырдан асты. Екі ел қазір туристік орынға айналған қос ғибадатхана кешені орналасқан аумаққа таласып келеді. 1962 жылы БҰҰ халықаралық соты Прэахвихеа храмын Камбоджаға тиесілі деген шешімге келген. Десе де шекара маңындағы қақтығыс тоқтамаған. 2008 жылы Пномпень 11 ғасырға тиесілі храмды ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы ретінде тіркемек болғанда ахуал ушыққан. Осыдан соң тараптар арасында оқтын-оқтын қарулы қақтығыстар болып тұрды. Ең ауыр текетірес 2011 жылы тіркелді.
Ұлттық банк жетекшісі әлсіреген теңгеге валюта интервенциясы да көмектесе алмайды деп санайды

Теңге бұрын-соңды болмаған дәрежеде құлдыраған шақта – 25 шілдеде теңге бағамы 544,95 болды – Ұлттық банк жетекшісі Тимур Сүлейменов ауытқуға сұраныс пен ұсыныстың ара салмағы әсер еткенін мәлімдеді.
"Бүгінгі таңда валюта бағамына негізгі қысымды нарықтық факторлар қалыптастырып жатыр: бюджет қаражатының белсенді игерілуі, импорттық сатып алулардың өсуі, сондай-ақ маусымдық дивидендтерді төлеу мен туристік сұраныс. Спекулятивтік белсенділікті байқаған жоқпыз – жағдай тұрақты және бақылауға келеді" деді Сүлейменов Facebook желісінде.
Ол теңгені ұстап тұру үшін валюта интервенциясын жүргізуді ұсынған Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының ұсынысына пікір білдірді.
"Біреулер интервенция жасау керек, бағамды тұрақтандыру керек дейді. Егер бағам құбылмалы және алыпсатарлық факторлардың әсерінен тұрақсыз болса, онда бұл жөн. Ал нарықтық немесе іргелі факторлардың әсерінен мөлшерлеме жоғары немесе төмен жылжитын болса, интервенция көмектеспейді, тек зиян келтіреді. Негізсіз араласулар тұтастай алғанда экономикаға емес, алыпсатарларға тиімді болуы мүмкін. Біз ұлттық қорды ақылмен басқаруымыз керек" деді Сүлейменов.
Оның сөзінше, "фискалдық құйылымдардың көлемі артып, бір жылда ақша массасы 18 %-ға артқан. ЖІӨ және тауар өндірісі ақша ағыны жылдамдығына ілесіп үлгермей жатыр", бұл теңге бағамына қысым жасап жатыр.
Қазақстанда айырбастау пунктерінде сенбі күні бір доллар 548-549 теңгеден сатылып жатты.
Шілде басынан бері теңге долларға шаққанда шамамен 5 пайызға қымбаттады. 1 шілдеде доллардың ресми бағамы 519,64 теңге болған.
Қазақстанның оңтүстік-шығысында жоғалған әскери тікұшақтың бөлшектері табылды

Алматы облысында 25 шілдеде байланыс үзілген Қазақстан қорғаныс министрлігінің әскери тікұшағының бөлшектері табылды. Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, бөлшектер Сорбұлақ қоймасынан табылған.
"Төтенше жағдай министрлігінің жедел штаб командалық орталығы жүргізген ғарыш мониторингі барысында Алматы облысындағы Сорбұлақ көлі аумағында майға ұқсас дақ анықталды. ТЖМ құтқарушылар тобы дереу сол аумаққа жылжыды. Іздеу жұмыстары түнде жүрді. Тексеру нәтижесінде орыннан әуе кемесінің фрагменті табылды, ол әуе қорғаныс күштеріне тиесілі болуы мүмкін" деп жазылған ТЖМ хабарламасында.
Бұл жаққа арнайы жабдықтар эхолот (теңіз тереңдігін өлшейтін гидроакустикалық аспап - ред.), ұшқышсыз және суасты дрондары жеткізілген. Іздеу жұмыстарына шамамен 200 адам жұмылдырылған.
EC-145 тікұшағы 25 шілдеде радардан жоғалған.
Ақпаратқа қарағанда, тікұшақ Луговойдан ұшып шығып, Отар аумағында онымен байланыс үзілген. Тікұшақ бортында экипаждың үш мүшесі бар.
Сорбұлақ – Алматының солтүстік-батысында орналасқан тазартылған құбыр суын жинайтын қойма. Ол әкімшілік аумақ жағынан Алматы облысы Іле ауданына қарайды.
Халықаралық журналистер федерациясы Қазақстан билігінің Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеуін айыптады

Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists - IFJ) Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) Қазақ қызметінің 16 журналисіне аккредитация бермеуін сөз бостандығына жасалған шабуыл ретінде бағалап, Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін қолдауға шақырды.
Ұйым 25 шілде күні жарияланған "Баспасөз еркіндігіне қысым үдеген шақта 16 журналиске аккредитация берілмеді" атты мақаласында Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) Қазақ қызметі тілшілерінің еркін жұмыс істеуіне бұған дейін де кедергі келтірілгені, сот талқылаулары мен халықаралық қысымнан кейін бұл шешімнің күші жойылғаны жазылған. Онда Қазақстанда тәуелсіз журналистердің жұмыс істеуі барған сайын күрделеніп бара жатқаны, Telegram-да энергетика саласындағы шенеуніктің "әкімшілік тетіктерін пайдаланып жатқаны" жөнінде жазған Данияр Әділбековтің жалған ақпарат тарату бабымен 4.5 жылға сотталғаны да атап өтіледі.
"Қазақстан үкіметінің тәуелсіз журналистерді қасақана нысанаға алуы – сөз бостандығына жасалған ашық шабуыл. Журналистердің өз кәсіби міндетін еркін, жазадан қорықпай атқара алуы өте маңызды. Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін жоғары деңгейде сақтауға шақырамыз" деді IFJ-дің бас хатшысы Энтони Белланжер.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) 16 тілшісіне аккредитация бермей қойған Қазақстан сыртқы істер министрлігін әкімшілік сотқа берген. Сотқа дейінгі бітімге келуден бас тартқан министрлік соның қарсаңында Азаттықтың тағы 9 журналисіне аккредитация бермей қойды.
Бұған дейін халықаралық баспасөз қорғау ұйымдары Қазақстан билігінің Азаттыққа қатысты шешімін сынаған. 17 шілдеде "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to protect journalists, CPJ) Азаттықтың 16 тілшісіне аккредитация бермеген Қазақстан билігінің әрекетін айыптап, ресми Астананы тілшілерге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беруге шақырған.
22 шілдеде Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) Қазақ қызметінің 16 журналисіне аккредитация беруден бас тартуын тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына жасалған ашық шабуылға теңеген.
"Азат Еуропа/Азаттық радиосы журналистерінің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеу – Қазақстан билігі тәуелсіз дауыстарды тұншықтыру әрекеттерін күшейтіп жатқанын көрсетеді. Бұл — Қазақстандағы барлық тәуелсіз БАҚ-қа жасалған ескерту", – деді HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.
Азаттық радиосы – Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық, әлеуметтік теңсіздік, гендерлік зорлық-зомбылық және саяси қысым секілді маңызды тақырыптарды көтеретін тәуелсіз ақпарат көзі. Бұл тақырыптар мемлекеттік немесе мемлекеттік бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі еленбей жатады. Аккредитациядан бас тарту тәуелсіз журналистер мен блогерлерге жасалып жатқан қысым аясында болып отыр, делінген HRW мәлімдемесінде.
"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.
Баку Ташкентке "Мирзияевтің ар-намысын қорлады" деп айыпталған өзбек азаматын тапсырды

Әзербайжан Өзбекстанға "Мирзияевтің ар-намысына тиді" деген айыппен іздеуде жүрген 43 жастағы Амонек Юсуповты тапсырды. Бұл жөнінде Әзербайжан бас прокуратурасы хабарлады.
Юсупов 2025 жылы сәуірде ұсталып, қамауға алынған. Ведомствоның хабарлауынша, өзбек азаматы "құқықтық көмек туралы конвенцияға сәйкес" Ташкентке берілген.
Өзбекстанда президентті көптің алдында намысына тиіп қорлау немесе ғайбаттағаны үшін жауапкершілік тағайындайтын пункт 2021 жылы Қылмыстық кодекстің 158-бабына енгізілген. Бұл бап үш жылға дейін бостандықты шектеу жазасы немесе бес жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасын қарастырады.
Шілде басында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Әзербайжанға мемлекеттік сапармен барған. Оның баспасөз хатшысы Шерзод Асадовтың айтуынша, "сапар бағдарламасы 2024 жылы одақтық деңгейге көтерілген өзбек-әзербайжан қарым-қатынасының бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейін көрсетеді".
Азаттықтың Өзбекстан қызметінің жазуынша, Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің бұрынғы күйеубаласы Эмин Агаларов 2024 жылдан бері Ташкентке жиі барып жүр. Ол Чарвак су қоймасында Sea Breeze Uzbekistan демалыс орнын салмақшы. Ал оған дейін Өзбекстан президентінің күйеубаласы Бакуде фитнес-клубтың шетелдегі алғашқы бөлімін ашқан. Ол Әлиевтер отбасының холдингтік компаниясына тиесілі Crescent Mall сауда орталығында орналасқан.
Сот Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айырды

25 шілдеде Астананың қылмыстық істер жөніндегі сотында Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға үкім оқылды. Сот Перизат Қайратқа - 10 жыл түрме, анасы Ғайни Алашбаеваға 7 жыл түрме жазасын тағайындады. Бұған қоса, Перизат Қайрат пен анасынан 50 жәбірленушіге 1,5 млрд теңге өндіріп алынады.
Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева қайырымдылыққа деп жиналған 3,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырған деген айып тағылған.
Бұған дейін прокурор соттан Қайратқа 10 жыл, ал анасына 8 жыл түрме жазасын беруді сұраған.
Екеуі де тағылған айыпты мойындаған жоқ. Сот отырыстарының бір бөлігі жабық өтті.
Жұма күні сотталушылардың соңғы сөзіне ақпарат құралдары жіберілмеді. Журналистер үкімді ғана тыңдай алды. Олар сот залынан бөлек залға орнатылған монитордан үкімді тыңдады.
Сот үкіміне сәйкес, Перизат Қайраттан Vela Village қалашығындағы жеке үй, «Akbulak Riviera», «Sensata Plaza», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер, «Mercedes-Benz S450», «Lexus LX 600» «Mercedes-Benz EQE 500 4 matic», «Haval H6 GT» көліктері, «Rebel Flowers» компаниясының жарғылық капиталы, 97 млн теңге және 22 мың доллар тәркіленбек.
Қорғау жағы 25 шілдеде соттан кейін үкімді апелляцияға беретінін айтты.
Перизат Қайрат 2024 жылдың қараша айында ұсталды. Оған бастапқыда көктемгі тасқыннан зардап шеккен адамдарға көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгеден (3 миллион доллардан) астам қаржыны жымқырған деген айып тағылды.
Тергеу болжамы бойынша, ол ақшаға Астанадағы төрт қымбат тұрғын үй кешенінен пәтерлер, Mercedes-Benz S450, Lexus LX-600 және Haval маркалы қымбат көліктер мен басқа да бағалы бұйымдар сатып алынған.
Кейін оған тағы бір айып тағылып, Қайрат Палестинаға көмек ретінде жиналған 200 миллион теңгеден (шамамен 400 мың доллар) астам қаражатты да жымқырған деген күдікке ілінді.
Соттағы сөзінде прокурор айыпталушылар Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева жиынтығы 1 миллиард теңгеден астам ақшаны заңды айналымға енгізіп, мүліктің бір бөлігін үшінші тұлғалардың, соның ішінде туыстарының атына рәсімдеген деп мәлімдеді. Мысалы, Палестина тұрғындарына деп жиналған қаржының бір бөлігі Rebel Flowers гүл саудасы дүкенін сатып алу жолымен заңдастырылған дейді тергеушілер.
Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартып, оларды "тергеушілердің қиялы" деп атады.
"Бұл келтіргендері негізсіз деп есептеймін. Тергеушілердің қиялы үшін мен жауапты емеспін. Мынадай негізсіз айыпты мойындамаймын. Болашақта нақты дәлелдермен өзімді қорғаймын", – деді ол сотта.
Қоғамда резонанс тудырған Перизат Қайраттың ісі бойынша тергеу, одан кейін сот болып жатқан шақта Қазақстан билігі "Қайырымдылық қызмет туралы" заңға өзгертулер енгізуді қолға алды.
Ұсынылып отырғандардың арасында қайырымдылық қорларын аккредиттеуден өтуге міндеттеу, төтенше жағдай кезінде әкімдіктер белгілеген ұйымдар ғана қаражат жинай алады деген тәртіп енгізу, ал өз бетінше рұқсатсыз қаражат жинаған жеке адамдарға айыппұл салу тәрізді өзгертулер бар.
ПІКІРЛЕР