"Ақтөбе" футбол клубы 24 шілдеде конференция лигасының екінші квалификациялық кезеңінің алғашқы матчында прагалық "Спартаны" ұтты. Ойын Ақтөбедегі Қобыланды батыр стадионында өтті.
Қазақстандық команда 29-минутта гол соғып, алғашқы таймда алаң иелері басымдыққа ие болды. Гол иесі – Даниэль Соса.
Екінші таймда "Спарта" футболшылары шабуылды үдеткенмен 84-минутта "Ақтөбе" шабуылшысы Оралхан Өміртаев қарсылас жаққа гол соқты. Есеп - 2:0 болды.
Матчтың соңғы минуттарында судья "Спартаға" пенальти тебуіне мүмкіндік берді, бұған жанкүйерлер наразы болды. Велко Бирманчевич 11 метр қашықтықтан гол соғып, есепті 2:1 қылды.
Осылайша матч 2:1 есебімен аяқталып, "Ақтөбе" жеңді. Спорт сарапшылары мұны сенсациялық жеңіс деп атап жатыр, себебі прагалық "Спарта" - Чехияның ең белді клубы және Еуропаның ең үздік 80 клубтарының қатарына кіретін тәжірибелі командаларының бірі.
Конференция лигасының келесі кезеңіне өтуге талас 31 шілдеде Прагада өтеді.