Халықаралық журналистер федерациясы Қазақстан билігінің Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеуін айыптады

Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists - IFJ) Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) Қазақ қызметінің 16 журналисіне аккредитация бермеуін сөз бостандығына жасалған шабуыл ретінде бағалап, Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін қолдауға шақырды.

Ұйым 25 шілде күні жарияланған "Баспасөз еркіндігіне қысым үдеген шақта 16 журналиске аккредитация берілмеді" атты мақаласында Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) Қазақ қызметі тілшілерінің еркін жұмыс істеуіне бұған дейін де кедергі келтірілгені, сот талқылаулары мен халықаралық қысымнан кейін бұл шешімнің күші жойылғаны жазылған. Онда Қазақстанда тәуелсіз журналистердің жұмыс істеуі барған сайын күрделеніп бара жатқаны, Telegram-да энергетика саласындағы шенеуніктің "әкімшілік тетіктерін пайдаланып жатқаны" жөнінде жазған Данияр Әділбековтің жалған ақпарат тарату бабымен 4.5 жылға сотталғаны да атап өтіледі.

"Қазақстан үкіметінің тәуелсіз журналистерді қасақана нысанаға алуы – сөз бостандығына жасалған ашық шабуыл. Журналистердің өз кәсіби міндетін еркін, жазадан қорықпай атқара алуы өте маңызды. Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін жоғары деңгейде сақтауға шақырамыз" деді IFJ-дің бас хатшысы Энтони Белланжер.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) 16 тілшісіне аккредитация бермей қойған Қазақстан сыртқы істер министрлігін әкімшілік сотқа берген. Сотқа дейінгі бітімге келуден бас тартқан министрлік соның қарсаңында Азаттықтың тағы 9 журналисіне аккредитация бермей қойды.

Бұған дейін халықаралық баспасөз қорғау ұйымдары Қазақстан билігінің Азаттыққа қатысты шешімін сынаған. 17 шілдеде "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to protect journalists, CPJ) Азаттықтың 16 тілшісіне аккредитация бермеген Қазақстан билігінің әрекетін айыптап, ресми Астананы тілшілерге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беруге шақырған.

22 шілдеде Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) Қазақ қызметінің 16 журналисіне аккредитация беруден бас тартуын тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына жасалған ашық шабуылға теңеген.

"Азат Еуропа/Азаттық радиосы журналистерінің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеу – Қазақстан билігі тәуелсіз дауыстарды тұншықтыру әрекеттерін күшейтіп жатқанын көрсетеді. Бұл — Қазақстандағы барлық тәуелсіз БАҚ-қа жасалған ескерту", – деді HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

Азаттық радиосы – Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық, әлеуметтік теңсіздік, гендерлік зорлық-зомбылық және саяси қысым секілді маңызды тақырыптарды көтеретін тәуелсіз ақпарат көзі. Бұл тақырыптар мемлекеттік немесе мемлекеттік бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі еленбей жатады. Аккредитациядан бас тарту тәуелсіз журналистер мен блогерлерге жасалып жатқан қысым аясында болып отыр, делінген HRW мәлімдемесінде.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Лұқпан Ахмедияров "Просто журналистика" арнасы өшірілгенін хабарладыҚазақстан СІМ-нің Азаттыққа аккредитация бермеуі: ведомство бітімнен бас тартты"Журналистерді қорғау комитеті" Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеген Қазақстан билігінің әрекетін айыптадыҚазақстан билігі Азаттықтың тағы 9 қызметкерін аккредиттемей қойдыАзаттық сыртқы істер министрлігін аккредитация үшін сотқа берді"Басылымды тартып алмақшы". Orda.kz иесі әрі бас редакторы Гүлнәр Бажкенова қысым көріп жатқанын мәлімдедіАйдос Садықовқа қастандық: "Шекарасыз тілшілер" қазақ билігіне үндеу жолдады