Қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) Biz Birgemiz Qazaqstan қорының жетекшісі Перизат Қайратқа қатысты қозғалған қылмыстық істегі кейбір мәліметтерді жариялады. Перизат Қайрат ірі көлемде алаяқтық жасады және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген күдікке ілінген.
"Перизат Қайрат 2021-2024 жылдар аралығында қайырымдылық көмек көрсету мақсатында халықтан ақша жинаған. Ол бұл қаражат мұқтаж балаларға, Палестина және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмсалады деп айтқан. Тергеу амалдарының нәтижесіне сай, жалпы ұрланған қаржы көлемі 3,5 млрд теңгені құрады" деп жазылған ҚМА-ның 4 сәуір күнгі хабарламасында.
Ведомствоның хабарлауынша, күдікті қорға түскен қаражатты "өзі және анасының есепшоттарына аударып, оларды кейін зергерлік бұйымдарға, киім-кешекке, жиһаз бен саяхаттарға, жөндеу қызметтеріне, автокөлік жалдау және басқа да шығындарға жұмсаған". Тергеу болжамынша, ол тасқыннан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 2,8 млрд теңге қаражатты жымқырған.
"Қылмыстық табысты жымқыру мақсатында ол 16 серіктес жеке кәсіпкерлермен металдан жасалған киіз үйлер, қайықтар, етіктер және басқа да заттарды жеткізу жөнінде жалған келісімдер жасасқан. Алайда бұл келісімдер іс жүзінде орындалмаған. Нәтижесінде миллиард теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке мақсаттарына жұмсалған" деп жазылған ҚМА хабарламасында.
Болжам бойынша, осы соманың 72 млн теңгесі анасының есепшотына "Солтүстік Қазақстан облысындағы зардап шеккен тұрғындарға тұрмыстық техника сатып аламыз" деген желеумен аударылған, ізінше Перизат Қайрат оны "қолма-қол ақшаға" айналдырған.
Ведомствоның хабарлауынша, қаражаттың бір бөлігіне 6,9 млн теңгелік Rolex сағаты сатып алынған.
"Палестинаға көмек көрсету үшін жиналған қаражаттың бір бөлігі 2024 жылдың қаңтарында П.Қайрат «Rebel flowers» ЖШС-ін сатып алуға жұмсалған. Оның құны 23 млн теңге болса да, ол келісім-шартта күдік туғызбау үшін 2 млн теңгеге төмендетілген соманы көрсеткен. Гүл бизнесінен түскен табысы 69 млн теңгені құрады. Тергеу деректеріне сай, ұрланған қаражатқа 4 автокөлік, 4 пәтер, 2 автотұрақ орнын, үй, жер телімін және ғимарат сатып алынған. Сондай-ақ, жалпы құны 158 млн теңге болатын зергерлік бұйымдар, аяқ киім және сөмкелер тәркіленді. Жалпы құны 865 млн теңгені құрайтын қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салынды" деп жазылған хабарламада.
ҚМА бұған дейін Перизат Қайрат 1,7 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінгенін айтқан еді. Қазір енді бұл көрсеткіш шамамен екі еселеніп отыр.
2024 жылы қарашада қамауға алынған Перизат Қайрат Ақмола облысындағы "Батыр" қоғамдық бірлестігіне 2021 жылы оңалту орталығын салу мақсатында ақша жинап, 22 млн теңгені жеке қажетіне жаратты деген де күдікке ілінген.
Дегенмен оның отбасымен жақын араласқан достары бұған дейін әлеуметтік желіде Перизат Қайраттың кінәлі екеніне сенбейтінін жазған.
Былтыр заңгер Жангелді Сүлейменов "Экслюзив" басылымына берген сұхбатында заңға сәйкес, сот үкімі шықпайынша адамды қылмыскер атауға болмайтынын жеткізіп, қоғамда айтылып жатқан жалаң айыптауларды сынаған. Оның сөзінше, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қор емес - қоғамдық бірлестік, ал заң бойынша қоғамдық бірлестік жинаған қаражатты ұйым өз еркімен пайдалана алады. Заңгер "ақшаны мақсатты түрде пайдаланбау" бұл қылмыстық іс емес, азаматтық ретте арқылы қаралуы керек екенін айтқан.
Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қоры былтыр сәуірде су тасқыны кезінде 55 мың қазақстандықтан 80 миллион теңге жинағанын хабарлаған. Перизат Қайрат тасқын кезінде "қор қаржысының жұмсалу барысы – мемлекеттің қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің тікелей бақылауында" деп жазған.